Сөзіміз жалаң болмасын, осы 25 жылда ТШО есебінен Атырау облысының әлеуметтік жобаларына 1,4 миллиард доллардан астам қаражат салыныпты. Ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламалардың аясында құны 230 миллион доллардан асатын 110 жоба жүзеге асты. Бұл дегеніңіз үйге келген көгілдір отын, нан зауыты, қазандық, емханалар, мектеп, балабақша, демалыс орындары... тізе берсең ел тіршілігін түрленткен тірліктердің легі.
Ең бастысы, шетелдік инвесторлар өңірге әлеуметтік бизнес мәдениетін, яғни қоғаммен қарым-қатынастың адамгершілікке құрылған үлгісін алып келгенін мойындаған жөн. «Теңізшевройл» ЖШС батыс өңірде ғана емес, бүкіл республикада корпоративтік жауапкершіліктің стандарттарын енгізуге айтарлықтай ықпал етті.
Таяуда «Теңізшевройл» ЖШС өзінің өзгермейтін дәстүрі бойынша Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен кезекті есебін берді. Яғни 2017 жылдың қорытындылары жарияланып, жаңа табыстар туралы баяндалды.
Жергілікті мамандардың машығы артып келеді
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон сөзін өндіріс барысындағы қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғаудан бастады. Бірақ БАҚ өкілдерімен дәстүрлі басқосу жергілікті кадрлар мәселесін де айналып өтпейді. Бұрынғы зауыттардан бөлек, қазір Теңізде үшінші буын зауытының құрылысы – «Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қарқынды жүруде.
Жуырда осы осы зауыттың операторлығына үлкен байқау жарияланып, 5 мыңдай үміткердің ішінен 60 маман іріктелініп алынған. Және сол 5 мың үміткердің өзі де құжаттары талапқа сай тәжірибелі қызметкерлерден құралған.
Қысқасы, жаңа жобалар жергілікті кадрлардың қатарын арттырып отыр. Және осы ширек ғасырда өндірістің басы-қасында жүріп тәжірибе байытқан мықты мамандар легі пайда болғанын мақтаныш тұту қажет.
Мерейтойлық мәслихатта жергілікті қызметкерлердің кәсіпқойлығын шыңдауға жұмсалған инвестиция жайы айтылды. Бүгінде ТШО-да жұмыс істейтін отандастарымыздың үлесі 1993 жылғы 50 пайыз көрсеткішпен салыстырғанда 83 пайызға жеткен. ТШО-дағы жергілікті ұлттан шыққан басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67 пайызын құрайды. Нақты айтқанда, 2007 жылдан бері 156 Қазақстан азаматы сырт мемлекеттерде, өндіріс барысында білімін көтеріп, тәжірибесін байыта келе басшылықтағы және техникалық бөлімдердегі шетелдік мамандардың орнын алмастырған.
Бүгінде ТШО кадрлары жасарып келеді деп айтуға негіз бар. Екінші буын зауытындағы операторлардың орташа жасы – 30. Ынтымақтаса қимылдайтын қызметкерлер бәрі де өзіне байланысты екенін біледі. Жұмысты жауапкершілікпен сапалы атқарса, ертеңгі күнім не болады деп алаңдамайды. Әркімнің еңбегі мен біліктілігіне сай алатын жалақысы бар.
«Теңізшевройлдың» мұнан да үлкен межеге жетуге қауқары бар
Не десек те, компания биыл атап өтілетін күміс тойына ауыз толтырып айтарлықтай табыстарымен келіп отыр.
Ең ірі Теңіз мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» 2017 жылдың қорытындысына сәйкес шикі мұнайдың 28,7 млн тоннаға (229 млн баррель) тең рекордтық көлемін өндіріп, мұнай нарығындағы көшбасшылық орнын кезекті мәрте бекітті. 25 жылдықтың бедеріндегі ең жоғары жылдық көрсеткішке қол жеткізді.
Ал ТШО бас директоры Тэд Этчисон компания 2018 жылы атап өтетін мерейтойын өндіріс саласындағы ғана емес, сонымен бірге басқа да сабақтас салалардағы тамаша нәтижелерімен қарсы алып отыр деді. Яғни өткен жылы сұйытылған газ сату көлемі шамамен 1,38 миллион тоннадан асып, құрғақ газ сату көлемі 7,45 миллиард текше метрге, ал күкірт сату көлемі 2,49 миллион тоннаға жетті.
Соңғы он жылдағы осынау үздіксіз табыстар 2008 жылы жүзеге асырылған Шикі газды айдау және екінші буынға жататын зауыт сынды жобалардың арқасында ұлғайып келеді. Осы жобалардың нәтижесінде Теңізде тәулік ішінде өндірілетін мұнай көлемі 75 мың тоннаға (600 мың баррель), ал табиғи газ көлемі 22 млн текше метрге (750 млн текше фут) жетіп отыр.
Тед Этчисонның айтуынша, компанияның биылғы көрсеткіштерден де биік межеге жетуге қауқары жеткілікті.
Әлемдегі ең алып зауыттың бірі салынуда
Бұл күндері Теңізде алып құрылыс кестеге сай жүруде. Үшінші буын зауыты – 2016 жылы ТШО серіктестерінің ККЖ-ҰЕҚБЖ-ны қаржыландыру туралы ақырғы шешімді мақұлдағаны аян. Осы мәмілеге сәйкес, 2022 жылға қарай кен орнындағы осы алып жоба аяқталуы тиіс.
Жоба дүние жүзінің 11 елінде орналасқан 19 орталық арқылы жүзеге асады. Бұл зауыт мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тонна немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттыра отырып, мұнай өндірісінің жылдық көлемін шамамен 39 миллион тоннаға немесе тәулігіне 850 мың баррельге жеткізуді көздейді. Әрі қолданыстағы нысандардың толық қуатпен жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ететін алып жоба.
Өткен жылы бірқатар қосалқы нысандардың құрылысы аяқталған.
Қазіргі таңда ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарының құрылысы әлемдік стандарттардың озық үлгісіне сәйкес, қаражатты үнемдеу мақсатында бір мезетте орындалуда. Оған қоса ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 30 мыңнан астам қазақстандық ел ішіндегі жұмыстарға тартылып, жобада қызмет етіп жатқандар санының 92 пайызын құрап тұр. Және ТШО қазақстандық жабдықтаушыларды ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін жобалау, сатып алу және модульдерді дайындау қызметтеріне барынша тартып отыр. Жоба іске кіріскелі бері 2 мыңнан астам отандық компания алдын-ала іріктеуден өтті. Қазірдің өзінде қазақстандық компаниялармен 500-ден астам келісімшарт жасалған. Осы арада мынаған мән берген жөн. Қазақстандық қамту компанияның бес басым бағытының бірі. Сондықтан «Келешек кеңею» жобасының мақсаты жалпы шығындардың 32 пайызын қазақстандық қамтуға бағыттау болып табылады.
Осыған байланысты ТШО бас директоры Тед Этчисон есепті баяндамасында 2017 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы аясында үш бірдей ірі форум өткізілді деді. Атап айтқанда, құрылыс компанияларының форумынан бөлек, біліктілікті бағалау мен кәсіби техникалық оқыту форумы өткізілген. Және Құлсарыда ТШО-ның негізгі өндірісі мен ККЖ-ҰЕҚБЖ бас мердігерлерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Ендігі күш жобалау мен материалдық-техникалық қамту жұмыстары модульдерді теңіз арқылы алғашқы тасымалдауды бастауға және Теңіз кен орнындағы нөлдік цикл жұмыстарын орындауға бағытталуда. Яғни қазір жер асты жұмыстары жүріп жатыр.
ККЖ-ҰЕҚБЖ жабдықтарының негізгі бөлігі Қазақстан, Оңтүстік Корея және Италияда жасалады. Алып зауыттың модульдері алдын-ала жинақталып, одан кейін соңғы құрастыру үшін Теңіз кен орнына жеткізіледі. 2016 жылдың қазан айында Маңғыстау облысында орналасқан Ерсай өндірістік алаңында құбыр эстакадаларын жасау басталып, қазіргі таңда жұмыстар жоспарға сәйкес орындалуда. Оған қоса Италияда газ-турбиналы генераторларды жасау және Оңтүстік Кореяда модуль жасау жұмыстары жоспарға сәйкес орындалуда. Ал модульдерді тасымалдайтын кемелерді жасау жұмыстары Вьетнам мен Румынияда жалғасуда. Қазірдің өзінде алғашқы 10 модуль жеткізетін кеме суға түсірілген. Болашақта бұл кемелердің үшеуі Қазақстанның меншігіне өтеді.
Бәрі де адамзат үшін және жеке адам үшін
Егер мұнай өндіру ісі жалпы адамзат баласы үшін болса, мұнайлы өңірдің жеке адамдар үшін қандай игілігі бар деген сұрақтың туындауы да заңдылық. Осы арада ТШО-да аймақты әлеуметтік тұрғыда қолдауға қатысты екі бірдей бағдарлама жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Оның бірі – «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы болса, екіншісі әлеуметтік инвестициялық бағдар-
лама. 2017 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру салаларына қолдау көрсету мақсатында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1,06 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалған.
Тек өткен жылы Атырау облысында маңызды 9 әлеуметтік инфрақұрылымдық жоба жүзеге асса, бұлардың қатарында мамандандырылған техникалық гимназия мен Атырау қаласында тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған Ретро-саябақтың құрылысын бөле-жарып атап өту ләзім. Мысалы, ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев «Игілік» бағдарламасы Атырау облысының әлеуметтік келбетінің өзгеруінде маңызды рөл ойнағанын нақты атқарылған жобалармен дәйектей келе, ол есеп түріндегі емес, іс жүзіндегі жақсылықтар екенін атады.
Қысқасы, 1993 жылдан бері әлеуметтік жобаларға жалпы 293 миллион доллар бөлініп, 110 нақты жоба іске асқан. Ең бастысы, «Игілік» бағдарламасына бөлінген қаражаттың тиісті мақсатқа жұмсалуына қатысты жергілікті билік, әкімшілік және БАҚ тарапынан авторлық, техникалық бақылаулар бар. Осы бағдарламаға тартылған үкіметтік емес ұйымдар да арнайы комиссия алдында есеп береді.
Өз кезегінде Тед Этчисон мырза Алматыдағы БАҚ жетекшілерінің қатысуымен өткен жиын-
да ТШО-ның қызмет етіп келе жатқан жылдары ішінде компанияның Қазақстанға бағыттаған тікелей қаржылай төлемдері 125 млрд доллардан асып түскенін мәлімдеді. Бұл қаражаттың ішінде қазақстандық қызметкерлерге төленген жалақы, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алынған тауарлар мен қызметтер,
мемлекеттік кәсіпорындарға аударылған төлемдер, қазақстандық серіктеске төленген дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке салық және роялти түрінде аударылған ақша қамтылған.
Бұрынғысынша, жоғарыда атап өтілген әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 1 млн долларға тарта қаржы аймақтағы денсаулық сақтау және білім беру саласын қолдауға бағытталады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ